Тарих • Кеше

«Абай және Шығыс» монографиясы, «Әмір Темірдің саяси қызметі мен жорықтары» еңбегі жарық көрді

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым ордасында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай мектебі және ұлт зиялылары» тақырыбында халықаралық танымдық іс-шара өтті, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

«Абай және Шығыс» монографиясы, «Әмір Темірдің саяси қызметі мен жорықтары» еңбегі жарық көрді

Аталған шараны «Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы музейі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Шараға «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Ислам Жеменей, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының бас директоры Кенжехан  Матыжанов, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы жанындағы Мәдени өкілдіктің директоры Хоссейн Ағазаде, сондай-ақ ғылым мен мәдениет саласының танымал тұлғалары, шетелдік елшіліктердің өкілдері, жас ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы мен шығармашылығын ұлықтап, оны шығыс мәдениетімен байланыстыра зерделеу арқылы ұлттық руханиятты, ғылым мен білімді кеңінен насихаттау.

Жиын барысында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов «Абай – біздің ұлттық ойлау жүйеміздің, рухани-мәдени болмысымыздың негізін қалаушы. Бүгінгі ғылыми жиында Абай мұрасын тек әдеби тұрғыда емес, өркениеттік, тарихи-философиялық тұрғыда қайта қарап, оның Шығыс мәдениетімен байланысын ашу – өте өзекті әрі құнды қадам. Бұл – жастар үшін де, ғылыми қауым үшін де үлкен тағылым мектебі»,  деп атап өтті.

Іс-шара аясында профессор Ислам Жеменейдің бірқатар ғылыми еңбектерінің тұсаукесері өтті. Атап айтқанда, парсы тілінде жазылған қазақ тарихы, әдебиеті, мәдениеті мен тіліне арналған зерттеулері, қазақ тіліндегі «Абай және Шығыс» монографиясы, сондай-ақ өзбек тілінде жарық көрген «Әмір Темірдің саяси қызметі мен жорықтары» еңбегі көпшілікке таныстырылды.

Мәдениет пен білім саласының өкілдері, ғалымдар мен зерттеушілер Абай мұрасының ғылыми, рухани және мәдени маңызы, сондай-ақ профессор Ислам Жеменей еңбектерінің өзектілігі туралы мазмұнды баяндамалар жасап, пікір алмасты. Баяндамаларда Абайдың шығармашылық мұрасы мен дүниетанымы Шығыс өркениетімен сабақтастырыла зерделеніп, оның рухани тереңдігі ғылыми негізде талданды.

Ғылым мен руханият тоғысқан тағылымды басқосу Абай дүниетанымын қазіргі заманмен сабақтастырып, Шығыс пен қазақ өркениеттерінің тарихи-мәдени үндестігін жаңаша пайымдауға жол ашқан, маңызы зор ғылыми алаңға айналды.

АЛМАТЫ